· ProFinance Consulting

Жарияланым 2024 жылғы редакциясында сақталған. Жарияланған күннен кейінгі заңнама өзгерістері мәтінде ескерілмеген.
2012 жылғы 26 қарашада ҚР «Микроқаржылық қызмет туралы» заңы қабылданып, 2012 жылғы 16 желтоқсанда қолданысқа енгізілді. Осы уақытқа дейін бұл заңға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
ҚР «Микроқаржылық қызмет туралы» заңы Қазақстанда микроқаржылық қызметті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдарын жеке кәсіпкерлер мен халыққа микрокредиттер және басқа да қаржылық қызметтер көрсететін ұйымдар ретінде айқындайды.
Осы заңның 3-бабы 1-тармағының 1-1 тармақшасына сәйкес микроқаржылық қызметке мыналар жатады:
- кредиттік серіктестіктердің өз қатысушыларына микрокредиттер беру қызметі;
- ломбардтардың жеке тұлғаларға жылжымалы мүлікті кепілге алып микрокредиттер беру қызметі;
- микроқаржы ұйымдарының жеке және/немесе заңды тұлғаларға жылжымалы және жылжымайтын мүлік кепілімен не кепілсіз микрокредиттер беру қызметі.
Заңның негізгі ережелері мыналарды қамтиды:
- осы заңның және ҚНРДА Басқармасының 2020 жылғы 23 қарашадағы «Микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларын, микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін бекіту туралы» №108 қаулысының талаптарына сәйкес микроқаржы ұйымдарын лицензиялау;
- олардың қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу;
- сондай-ақ микроқаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтары мен міндеттері.
Заң микроқаржы ұйымдары жүзеге асыра алатын қызмет түрлерін де ажыратып, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау шараларын белгілейді.