· ProFinance Consulting

Жарияланым 2024 жылғы редакциясында сақталған. Жарияланған күннен кейінгі заңнама өзгерістері мәтінде ескерілмеген.
ҚР ҰБ Басқармасының «Төлем ұйымының жарғылық капиталының ең төмен мөлшерін белгілеу туралы» №129 қаулысы 2020 жылғы 27 қазанда қабылданып, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.
Бұл қаулы Қазақстандағы төлем ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын, сенімділігін және клиенттер мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету үшін олардың жарғылық капиталына қойылатын талаптарды реттеуге және белгілеуге бағытталған.
№129 қаулының негізгі мақсаты — төлем ұйымының жарғылық капиталының ең төмен мөлшері оның клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындауына және қаржы жүйесінің тұрақты жұмысына жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Нормативтік талаптар төлем ұйымдары тіркелу кезінде және өз қызметі барысында сақтауға міндетті жарғылық капиталдың белгілі бір сомаларын белгілейді.
ҚР ҰБ Басқармасының 19.02.2024 жылғы №10 қаулысымен төлем ұйымының жарғылық капиталының ең төмен мөлшеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Олар 2024 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіліп, төлем ұйымының жарғылық капиталының ең төмен мөлшері мынадай болып белгіленді:
- Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының 12-бабы 1-тармағының 3), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген төлем қызметтері түрлерінің біреуін көрсету үшін 150 000 000 (жүз елу миллион) теңге;
- Төлем ұйымы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының 12-бабы 1-тармағының 3), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген төлем қызметтерінің 1-ден (бірден) көп түрін көрсеткен жағдайда, оның ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы әрбір қосымша төлем қызметі түріне 50 000 000 (елу миллион) теңгеге ұлғайтылады.